SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев банктердің несие өткізу үшін халыққа қайта-қайта телефон шалып, қысым көрсетіп жатқанын сынға алды. Оның сөзінше, қаржы ұйымдары экономиканы дамытуға емес, қарапайым азаматтардың қалтасын қаққанды ғана біледі.
Депутаттың дерегіне сай, 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елде 8,5 млн адамның несие берешегі бар. Қарыздың жалпы көлемі — 23 трлн теңге. Оның ішінде 14 трлн теңгесі кепілсіз тұтынушылық несиеге тиесілі.
«Банктер табысты одан әрі арттыру үшін несиеге қосымша сақтандыру тағады. Осылайша қарыз мөлшері шектен шығады. Ал несие алудан бас тартқан азаматтарға да тыным бермей, қайта-қайта қоңырау шалып, хабарлама жіберіп, тағы да қарыз алуға үгіттейді. Бұл тоқтауы тиіс», — деді Сәрсенғалиев.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова заң жобасында жаңа бақылау жүйесі қарастырылғанын растады. Оның айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын кешенді қорғау моделі енгізіліп, банктерде тәуекелдерді басқару талаптары күшейтіледі.
Агенттік халықтың құқығын қорғайтын арнайы бөлімдер ашылатынын мәлімдеді.
RUS